Электромагниттік сәулеленудің адам ағзасына әсері
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының Қоршаған орта объектілеріндегі химиялық заттарды және пестицидтердің қалдық мөлшерін бақылау референс-зертханасының меңгерушісі Гаухар Сағатбекова: Қазіргі заман адамы көзге көрінбейтін, бірақ зиянды электромагниттік «түтіннің» айналасында өмір сүреді.
Ғалымдар электромагниттік сәуленің адам организміне әсер ететінін анықтады. Сәуле жүйке жүйесіне, иммундық және эндокриндік жүйелерге әсер етеді. Шаршағандық, ашуланшақтық пайда болып, ұйқының бұзылуы, есте сақтау қабілетінің, зейінінің нашарлауы мүмкін. Электромагниттік өрістер адам миына кері әсер етеді. Электромагниттік сәуле пәтерлердегі электр сымдарынан, радио- және ұялы телефондардан, электр көлігінің сымдарынан, электр беріліс желілерінен, компьютерлерден, тұрмыстық техникадан бөлінеді.
Электромагниттік сәуле әсерін қалай азайтуға болады?
Сәуле бөлетін аспаптарды қолдану ұзақтығын азайту керек. Ұялы және радиотелефонмен, мүмкіндігінше, аз сөйлескен жөн, күні-түні компьютер, теледидар алдында отырмау керек. Сондай-ақ токқа қосылып, істеп тұрған қысқа толқынды пешке жақын тұрмау, ноутбукты тізеге қоймау керек деп кеңес береміз, төсекті электр сымдары мен розеткалардың қасына, сонымен қатар артында тоңазытқыш, компьютер, теледидар, электр плитасы тұрған қабырғаға қоймаған дұрыс. Сарапшылар сымның өздігінен бұралуына жол бермей, вилканы розеткаға дұрыс салуды ұсынады. Сымдардың шиыршықтанып, оралып қалуына жол бермеу керек. Бұдан бөлек, мүмкіндігінше, ескі ұялы телефондарды, компьютерлерді және басқа да техниканы тастау керек – олар заманауи аспаптарға қарағанда, сәулені күштірек бөледі. Үтікті, шаш кептіргіштерді және электр ұстараларын да қолдануды азайтқан дұрыс – бұл аспаптардың сәулеленуі көбінесе белгіленген нормалардан жоғары болуы мүмкін. Музыканы үнемі құлаққап арқылы тыңдау да зиянды, өйткені бұл құлақтың естімей қалуына әкелуі мүмкін. Кеңестерге назар аударыңыз және деніңіз сау болсын!