ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің скринингтік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің бас маманы Гүлжан Конуршина бронх демікпесінің алдын алу және онымен күресу туралы айтып берді.
Бронх демікпесі – бұл қабыну, ісіну және қақырық пайда болу салдарынан дұрыс тыныс алуға кедергі келтіретін, соның нәтижесінде өкпеге апаратын тыныс алу жолдарын тарылтатын күрделі ауру.
Гүлжан Конуршинаның айтуынша, статистикалық деректерге сәйкес 2018 жылы Қазақстанда бронх демікпесінің 105365 жағдайы тіркелген, оның ішінде 17766-сы алғаш анықталғандар.
«Диспансерлік есепте 79668 адам тұрады, оның ішінен 17 жасқа дейінгі бронх демікпесі бар балалардың үлесі 23,5 %-ды құрайды», – деп мәлімдеді.
Маман деректері бойынша, ауру әдетте жас кезінен басталады. Шамамен балалардың 50%-ы оны дұрыс емдеген жағдайда есейген уақытында демікпе ауруынан арылып жатады.
Гүлжан Конуршина бронх демікпесі кезінде асқынулардың алдын алу үшін келесідей белгілі қағидаларды ұстануға кеңес береді:
Демікпе кезінде не жеуге болмайды: балық тағамдары, теңіз тағамдары, уылдырық, майла ет сұрыптары (үй құсы, шошқа еті), қақталған тағамдар, майлы тамақтар, жұмыртқа, бұршақтар, дәндер, шоколад, бал, қызанақтар (томат), қызанақтан жасалған соустар, ашытқыдан жасалатын тамақтар, цитрустар (апельсин, лимон, мандарин, помело, грейпфрут), құлпынай, таңқурай, қарақат, өрік, шабдалы, қауын, алкоголь.
Нені қолдануды шектеу қажет: жоғары сұрыпты ұннан жасалған нан-тоқаш өнімдері, тоқаштар, қант пен тұз, сүт өнімдері (сүт, қаймақ, сүзбе).
Демікпе кезінде не жеуге болады: ботқалар (маймен), сорпалар (қатты майлы емес), тауқы еті, майлы емес шұжықтар, қарабидай наны, кебектен жасалған нан, сұлыдан немесе галеттен жасалған печенье, көкөністен және жемістерден жасалған салаттар, компот, минералды су, шай, кофе (құрамында кофеин болса).
Тамақтану режимі: асты буда пісірген жөн, бірақ қайнатуға, бұқтыруға және қыздырып пісіруге де болады. Тек жылы күйінде жеу қажет.
Демікпенің асқынулары:
пневмоторакс;
дұрыс тыныс ала алмау;
өкпенің эмфизематозды бұзылуы.
Маманның айтуынша, бронх демікпесі созылмалы ауру екеніне қарамастан, оны толығымен бақылауда ұстауға болады. Демікпені жақсы бақылауда ұстау ауру белгілерін жойып, асқынулардың пайда болу қаупін төмендетіп қана қоймай, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, 11 желтоқсан – Дүниежүзілік бронх демікпесімен күресу күні. Дүниежүзілік демікпеге қарсы күн алғаш рет 1988 жылы атап өтілген.