ЖИТС-ке қарсы бүкіләлемдік акция Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен өтіп жатыр.
«Хан Шатыр» сауда орталығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған ауқымды акция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Іс-шараға ЮНЭЙДС-тің Қазақстандағы арнайы өкілі Бахтияр Артаев пен денсаулық сақтау елшісі, танымал «Спарта – Астана» КВН командасының капитаны Данияр Джумадилов қатысты. Бақтияр Артаев ЮНЕСКО-ның ізгі ниет елшісі ретінде қоғамдағы проблемалық мәселелерді шешуде атсалысатының атап өтті.
«Әрқайсымыз өз денсаулығымыз бен қоғам денсаулығы үшін жауапкершілікті ұмытпауға тиіспіз. Біз біргеміз, және біз АИТВ-ны жеңе аламыз!»- деді Б. Артаев.
Данияр Джумадиловтың айтуынша, бұл дерттің қауіпі негізінен жастарға төнеді.
«Ауруды емдеуден гөрі алдын-алу оңай. Салауатты өмір салты, спортпен шұғылдану, сүйікті іспен айналысу жастарды жаман әдеттерден алшақтатып, қауіпті инфекцияның таралуын тоқтатады», – деді Д. Джумадилов.
ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Абдрайымов ЖИТС-ке қарсы бүкіләлемдік акция Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен өтіп жатқандығын атап өтті.
«2019 жылғы науқан үшін «Қоғамдастықтардың шешуші рөлі» ұраны таңдалды. Бүкіләлемдік науқан шеңберіндегі барлық шаралар АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың денсаулығына, медициналық қызметтерге қол жетімділікке және АҚТҚ-ны емдеудің сапасын қамтамасыз етуге, стигма мен теңсіздікті болдырмауға бағытталған. Сондықтан, әрқайсыңызды аз болса да, АИТВ-ның алдын алуға өз үлесіңізді қосуға, АИТВ-ның алдын-алу шараларын білуге және әрдайым қолдануға, пайдалы ақпаратты достарыңызбен бөлісуге, кемсітушіліктің алдын алуға және қоғамның ЖИТС-пен күрестегі рөлін арттыруға шақырамыз», – деді С.Әбдірайымов.
Сонымен қатар, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасарының м.а Жазира Ембердиева және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Ақмарал Құрманбаева өз тілектерін білдірді.
Іс-шара аясында елорда тұрғындары мен қонақтары ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес орталығы мамандарынан тегін кеңес алды. Сонымен қатар, еріктілерге мамандар таяқшалы сынақтарды қолдана отырып, инвазивті емес әдіспен АҚТҚ-ның жедел тексеруін өткізді.
Белсенді қатысушылар АИТВ-ның алдын-алуға қосқан үлесі және ЖИТС-тың бүкіләлемдік науқанына белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
ЖИТС-пен күресу туралы ең үздік материал үшін «Қазақстан Ұлттық арнасы», «Елорда Ақпарат» және «Человек и закон» өкілдері марапатталды.
Акция аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық оқу орындарының студенттері және елорда тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалады.
Акцияны ұйымдастырушылар: Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС орталығы, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Нұр-Сұлтан қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы.
Естеріңізге сала кетейік, шара 2019 жылғы 05 қараша мен 05 желтоқсан аралығында өтіп жатқан Дүниежүзілік ЖИТС науқаны аясында өтті.