«Темекі салығын көтеру – оны тұтынудың төмендеуіне әкеледі» – ҚДСҰО

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша, Қазақстанда ер адамдардың 44%-ы темекі шегеді; 54%-ы ішімдік ішеді. Қазақстанда алкогольді тұтыну деңгейі Еуропа аймағындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Бүгін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасы бойынша жоспарланған іс-шаралар шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ жасөспірімдер мен студенттердің қатысуымен «Темекі және алкоголь өнімдерін тұтынуды шектеу» атты дөңгелек үстел өткізді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жанар Төлебаева темекі бұйымдарының жаңа түрлерін шектеу бойынша «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасына енгізілген өзгерістер туралы баяндап берді.

«Темекісіз» ҚҚ-ның атқарушы директоры Жәмиля Садықова Кодекске енгізілген жаңа өзгерістер темекіге қарсы күрес бойынша ДДҰ шекті конвенциясына сәйкес келеді деп мәлімдеді. Нұр-Сұлтан қаласының Наркология және психотерапия орталығының өкілі алкогольге тәуелділік ми жасушаларының бұзушылығына және созылмалы аурулардың дамуына әкеліп, жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсер тигізетіні жөнінде айтты.
№60 мектеп-лицейінің және №32 мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларының білдірген пікірі өте қызықты және назар аударарлықтай болды, олар өздерінің шылым шекпейтіні туралы, бірақ вейп түтінінен зардап шегетінің айтты. Сонымен қатар, жасөспірімдер дүкендерден вэйптер мен басқа өнімді оңай сатып алуға болатынын, осыған байланысты темекі бұйымдарының және алкогольдік ішімдіктердің сатылымына бақылауды қатаңдату қажеттігін атап өтті.

Анонимді алкоголиктер достастығының мүшелері өздері өткізген парасаттылық акциясы туралы, олардың тобы және кез келген адам кіріп, жасырын түрде сұрақ қоя алатын Telegram-да құрылған чат туралы айтты.
Жұқпалы емес аурулар және олардың қауіп факторлары (темекіні тұтыну, ішімдікті асыра пайдалану, дұрыс емес тамақтану және физикалық белсенділіктің болмауы) Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының ұлғайып келе жатқан үлкен проблемасы болып табылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша, Қазақстанда ер адамдардың 44%-ы темекі шегеді; 54%-ы ішімдік ішеді. Қазақстанда алкогольді тұтыну деңгейі Еуропа аймағындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады. 2016 жылы бұл көрсеткіш ер адамда жылына шамамен 25,0 литр алкогольді, ал әйелдерде 8,9 литрді құрады. Жастардың 57%-дан астамы (15-19 жас) соңғы 30 күнде бір уақытта 60 және одан да көп грамм ішімдік ішкен.

Темекі тұтынуды азайтуға бағытталған шаралар инвестициялардың жоғары қайтарымын қамтамасыз етеді (15 жыл ішінде салынған әр 1 теңге үшін 45 теңге). Темекіге салынатын салықты көтеру темекінің қолжетімділігі мен оны тұтынудың төмендеуіне әкеледі, елде, әсіресе орта жастағы тұрғындар арасында өлім-жітімді төмендетудің тиімді әдісі болып табылады.

ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, орташа және төмен кірісі бар елдерде алкогольге қарсы саясатқа қатысты ең тиімді шаралар алкогольдік ішімдіктерге акциздік салықтарды көтеру, алкогольді жарнамалауға тыйым салулар немесе шектеулерді қабылдау және сақтау болып табылады.

Отырыс барысында қатысушылар темекіге және алкогольге қарсы саясаттың жаңа шараларын әзірлеу қажеттілігі туралы ұсыныстарын айтты.

Дереккөзі