Қыз саулығы –ұлт саулығы

Елімізде 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Басты мақсат-еліміздің болашағы жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру. Жастар жылы аясында елімізде жыл басынан бері түрлі іс-шаралар атқарылып келеді, соның бірі жастардың денсаулығын нығайтуға бағытталған шаралар назардан тыс қалған емес.

Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Дүниежүзілік сүт безі обыры туралы хабардар болу күні шеңберінде Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде онколог-маммолог мамандардың қатысуымен студенттерге тегін консультациялар беріліп, көшпелі қарап тексерулер жүргізілді. Бұл күнді өткізудің мақсаты – студенттердің, болашақ аналардың осы аурудың алдын алу тәсілдері мен ерте анықтау туралы хабардар болуын жоғарылату болып табылады.

Көшпелі медициналық тексеріс барысында онколог –мамолог дәрігер Закарья Олжас Мұратұлы қыз балалардың денсаулығын күту мен ауруды алдын-алу шараларының маңыздылығын айта отырып, сүт безі обыры ауруын ерте анықтауға арналған үй жағдайында тексерісті қалай және қаншалықты жиі жүргізудің тәсіліне кеңінен тоқталды. Аурудың алғашқы сатысында 60 % жағдайда ешбір белгілері білінбейтінін қатерлі дерт, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша, онкологиялық аурулардың жалпы құрылымында бірінші орында тұр.

Сондай-ақ, іс-шараға белгілі қазақстандық дизайнер Құралай Нұрқаділова қатысты. Құралай Заманбекқызы денсаулық сұрақтарына аса жауапкершілікпен қарайтынын айта отырып, жиналған жас буын өкілдеріне денсаулық мәселесіне қатысты ақпараттармен жиі танысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

«Мен сән әлеміне келгелі бері өз денсаулығын күтіп қарап, денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын сау адам – ол сұлу адам екендігін түсіндім, өйткені «денсаулық» және «сұлулық» ұғымдары біртұтас. Мен бүгінгі көшпелі іс-шара үшін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасына шынайы алғысымды білдіремін, өйткені мамандардың консультациялары мен медициналық қарап-тексеру аурулардың, әсіресе онкологиялық аурулардың алдын алып, оларды ескерту үшін маңызды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, мен өз құрбы-құрдастарыма, сіңлілеріме – болашақ аналарға өз денсаулығын сақтауға кеңес берер едім, өйткені ананың денсаулығы – ол бүкіл ұлтымыздың денсаулығы», — деді Құралай Заманбекқызы.

Көшпелі медициналық тексеріс Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып, шара аясында 200-ге жуық студент сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексерісті толықтай өтті. Ультра дыбыстық зерттеу, қан құрамын талдау және мамолог, терапевт дәрігердің кеңесі Университет қабырғасында жүргізілді.

Әйгерім Қожахметова,

Қоғамдық денсаулықты нығайту бөлімі басшысының орынбасары

Дереккөзі