Қазақстанда тұзды тұтыну ДДСҰ ұсынған тәуліктік мөлшерден 3 еседен артық

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда нан және тоқаш өнімдеріндегі тұздың мөлшері төмендетілмек, деп хабарлайды ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеулердің нәтижелері бойынша Қазақстанда тұзды тұтыну әлемдегі ең жоғары деңгейде және ДДСҰ ұсынған тәуліктік дозадан 3 еседен артық, яғни тәулігіне 17 грамм, норма болса 5 грамм құрайды.

2019 жылы 24 шілдеде «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын нығайту мақсатында тұзды кезең-кезеңмен 1 грамға төмендету бойынша нан/нан-тоқаш өнімдерінің рецептурасын өзгерту.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы дұрыс тамақтану саясатын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешені әзірледі. Құжаттардың біріне нан және нан-тоқаш өнімдеріндегі тұзды кезең-кезеңмен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары жатады.

Тұзды жоғары тұтыну семіздік, ІІ типті қант диабеті және онкологиялық аурулардың кейбір түрлері, артериялық гипертензия, инсульт, инфаркті қоса алғанда жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына әкеп соғады.

Экономикалық үлгілеудің деректері бойынша, тұзды тұтынуды төмендету жөніндегі іс-шаралар кешені Қазақстандағы инфекциялық емес аурулардың алдын алудың неғұрлым тиімді шарасы. Тұзды тұтынуды қысқартуға бағытталған іс-шараларға салынған қаржы, бес жылдық кезеңде салынған қаражаттан 11 есе артық экономикалық нәтиже береді. Бұған қарағанда өте қымбат клиникалық шаралар 7% нәтиже көрсетеді.

Тұзды тұтынуды қысқарту инфекциалық емес ауруға байланысты қауіпті және қан қысымын төмендетуі мүмкін. ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес, тағам өнімдеріндегі тұздың санын азайтуды жаппай тұтыну өнімі ретінде наннан бастау неғұрлым тиімді.

Дереккөзі