БАҚ өкілдері, қаланың медициналық ұйымдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырған ашық есік күні барысында ТҒӨО зертханасының жұмысымен танысып, трансфузиялық терапия қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сұрақтарға жауаптар алды, деп хабарлайды Qazir.kz ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акцияға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ДДСҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Олег Честнов және ҚР алғашқы денсаулық елшісі, грек-рим күресінен олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко қатысты.
Денсаулық сақтау вице-министрі донорлықтың денсаулыққа аз пайда тигізбейтініне қатысушылардың назарын аудартты. «Бұл дегеніміз жүрек пен қантамырлары ауруларының, иммундық және ас қорыту жүйесі, бауыр мен ұйқы безі қызметі бұзушылықтарының алдын алу», – деп атап өтті.
ҚР Денсаулық елшісі Юрий Мельниченконың айтуынша, адамдардың көбі донор болуға ұмтылуы қажет, өйткені күн сайын мыңдаған адамдар өмірлік айғақтары бойынша донорлық қанға мұқтаж болуда.
ТҒӨО директоры Сәния Әбдірахманова өндірістік қызметте қолданылатын зертханалық тестілеу және донорлық қанды қайта өңдеу технологиялары АҚШ пен Еуропада қолданылатын шетел аналогтарынан кем емес екендігін айтты.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Уәлихан Ахметов сау қанды құюдың көмегімен ғана көптеген науқас адамдардың өмірін құтқарып қалуға болатындығын айтты.
«Өмір тамшысымен» бөлісетін адамдардың саны көп болғанын қалаймыз. Қанды өткізген кезде оның мөлшерін ағза тез арада қалпына келтіреді. Ағзаның эндокриндік және иммундық жүйесі жақсы жұмыс істейді. Жиі қан өткізетін адамдар суық тию және тұмау ауруларымен аз ауырып, онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларына сирек шалдығады. Донорлық адамның психикалық денсаулығына да жақсы ықпалын тигізеді.
ТМД аумағында тек Қазақстанда ғана донорлық қанды зертханалық диагностикалаудың екі кезеңдік стандарты қабылданғанын атап өту қажет. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Республикасының қан қызметі ТМД елдері арасында оның дамуы бойынша көшбасшы болып танылуда.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырған көшпелі донорлық акция барысында Министрліктер үйінде орналасқан ұйымдардың 40-тан астам қызметкері, олардың ішінде 20-дан астам ҚДСҰО-ның қызметкерлері қан тапсырды.