Бүгін БАҚ өкілдері, қаланың медициналық ұйымдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырған ашық есік күні барысында ТҒӨО зертханасының жұмысымен танысып, трансфузиялық терапия қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сұрақтарға жауаптар алды. Баспасөз турының шеңберінде донорлық қанды алу, өңдеу, қан жинау кезеңдері мен тестілеу және оның компоненттерін сақтау жүйесі көрсетілді.
Акцияға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ДДСҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Олег Честнов және ҚР алғашқы денсаулық елшісі, грек-рим күресінен олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко қатысты.
«Халықаралық стандарттарды тиімді енгізу ерікті түрдегі ақысыз қан донорлығын дамыту бойынша қызметтің негізгі көрсеткіштерін жақсартуға, 2013 жылдан бастап заңнамалық негізде міндетті түрде екі әдіспен (ИФА+ПЦР) жүргізілетін трансфузиялық инфекциялардың бар-жоғына донорлық қанға зертханалық скрининг жасау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді. 2010 жылдан бастап орталық базасында қанды зертханалық диагностикалауда жабық типтегі автоматты талдамалық жабдықты толығымен қолданатын екі кезеңдік скрининг қолданылады, бұл донорлық қанды диагностикалаудағы қателіктерді болдырмауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сәния Әбдірахманова.
ТМД аумағында тек Қазақстанда ғана донорлық қанды зертханалық диагностикалаудың екі кезеңдік стандарты қабылданғанын атап өту қажет. Қазақстан – донорлық тромбоциттерге компоненттерді 100% инактивациялауды енгізген әлемдегі үшінші ел. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Республикасының қан қызметі ТМД елдері арасында оның дамуы бойынша көшбасшы болып танылуда.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырған көшпелі донорлық акция барысында Министрліктер үйінде орналасқан ұйымдардың 40-тан астам қызметкері, олардың ішінде 20-дан астам ҚДСҰО-ның қызметкерлері қан тапсырды.