Қан тапсырып, адам өмірін сақтап қал!

Нұр-Сұлтан. 4 қыркүйек. KAZISLAM – Бүгін елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы (ТҒӨО) Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен бірлесіп, «Қан тапсырып, адам өмірін сақтап қал!» деген ұранмен ашық есік күнін ұйымдастырды. Донорлық және қан өткізу қауіпсіздігіне арналған баспасөз турына БАҚ өкілдері, қаланың медициналық ұйымдарының қызметкерлері қатысып, ғылыми орталықтың зертхана жұмысымен танысты.

Акцияға арнайы қатысқан ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ҚР алғашқы денсаулық елшісі, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко қан доноры болудың денсаулыққа және қоғамға тигізетін пайдасына ерекше тоқталып өтсе, ТҒӨО директоры Сәния Әбдірахманова донорлық және қан өткізу қауіпсіздігіне қатысты қызықты ақпараттармен бөлісті. Мәселен, орталыққа күніне жүздеген донор өз еркімен келіп қан тапсырса, соңғы бес-алты жылда донор болғысы келетін тұрғындардың қатары көбейген.

Мәселен, орталыққа 9-шы рет қан тапсырған, 28 жастағы Дәурен Базарбеков донорлықтан кейін қан айналым жүйесіндегі өзгерістің көп өтпей байқалатынын айтты.

«Өзім дәрігер болғаннан кейін қанға зәру пациенттердің жағдайын жақсы түсінемін. Сондықтан, үнемі осы орталыққа келіп қан тапсырып тұруға тырысамын. Донор болудың өзгеге және өзіңе де пайдасы көп. Оны көп уақыт өтпей-ақ сезінесіз. Ағзаның жұмысы күшейіп, қан жасушасы өзгереді, өзіңді жеңіл сезінесің» — дейді ол.

Баспасөз туры кезінде журналистерге донорлық қанды алу, өңдеу, қан жинау кезеңдері мен тестілеу және оның компоненттерін сақтау жүйесі көрсетілді.

Сондай-ақ, акция барысында орталықтың қан және оның компоненттерін дайындау бөлімшесінің трансфузиолог дәрігері Зәуреш Елікбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Дәрігер кімдерге донор болуға тыйым салынады, денесінде татуировкасы бар адамдар донор бола ала ма деген сынды сауалдарға жауап берді.

Сұхбат алдағы уақытта kazislam.kz порталына жарияланады.

Дереккөзі