Гепатиттен қалай сақтануға болады?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы гепатитті жұқтырмау жолдары жөнінде халыққа кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вирустық гепатит – бауырды қабындыратын жұқпалы ауру. Бұл вирустар түрлі жолмен беріледі: А және Е гепатиті – вируспен ластанған азық-түлік пен су арқылы және тұрмыстық байланыс кезінде адамнан адамға жұғады. В және С гепатиті – қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде және жүктілік кезінде анадан балаға жұғады. D гепатиті – жеке жұқпайды, ол тек В гепатитімен бірге дамиды.

«Аталған барлық вирустар гепатитті тудырады, салдарынан адамның тәбеті жоғалады, дене қызуы көтеріліп, тері сарғайып, шел пайда болуы мүмкін. В және С гепатиттері созылмалы түрге ауысып, бауыр циррозына (57% жағдайда) немесе бастапқы бауыр обырына (78% жағдайда) әкеп соғуы мүмкін. Қазақстанда соңғы 20 жылда жіті вирустық гепатиттермен сырқаттану көлемі азайып келеді. Республика бойынша жыл сайын жіті вирустық гепатиттің шамамен 1 мың жағдайы, созылмалы вирустық гепатиттің 5-6 мың жағдайы тіркеледі. Сырқаттану республиканың барлық өңірлерінде тіркелген», – деп хабарлады орталықтан.

Сонымен бірге, Ұлттық орталық гепатитті жұқтырмаудың негізгі қағидаларын ұсынды.

Ең алдымен, А және В гепатитіне қарсы егілу қажет. Сапалы таза су ішіп, көкөністер мен жеміс-жидектерді мұқият жуып, термиялық өңдеуден өткізу қажет. Осылайша В гепатитінен сақтануға болады.

Микроскопиялық мөлшердегі қан ұстарада, тіс щеткасында, тырнақ алатын қайшыда қалып кетуі мүмкін. Бұл заттарды басқалармен ортақ қолданбау керек. Стерильденбеген құралдармен пирсинг және татуировка жасатпаған жөн. Жыныстық қатынас кезінде сақтану шараларын қабылдау қажет.

Халыққа вакцинация жүргізу арқылы А, В және Е гепатитінің алдын алуға болады. В және С гепатитімен күресте – донорлық қанды тексеру, стерильдік инъекциялық жабдықтар және инфекциялық бақылау болғаны жөн.

Айта кетейік, жыл сайын, 28 шілдеде Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні аталып өтеді.

Дереккөзі