Химиялық заттар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды және қазіргі әлемде атқаратын рөлі айтарлықтай артуда. Химиялық заттарды қауіпсіз басқару химиялық заттарды қарқынды өндіру, пайдалану және қалдықтарының пайда болуы жағдайында қоршаған орта мен адамдардың денсаулығын қорғаудың маңызды шарты болып табылады.
2015 жылғы қыркүйектегі Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихи саммитінде әлемдік көшбасшылар қабылдаған, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Орнықты даму саласындағы күн тәртібі орнықты даму саласындағы 17 мақсаттан тұрады, олардың 12-сі химиялық заттар мен қалдықтарды ұтымды реттеумен тікелей және жанама байланысты. Бұл факт “қоғамды химияландыру” проблемасының маңыздылығы мен жаһандылығының дәлелі.
ДДҰ Еуропалық бюросының “Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азияның жекелеген елдерінде химиялық заттарды ұтымды басқару үшін Ұлттық жүйелердің негізгі элементтерін құру” жобасы шеңберінде жүргізілген, Қазақстандағы химиялық заттарды басқаруды талдау, Қазақстанның химиялық заттар мен қалдықтарды ұтымды реттеу мәселесінде барлық жаһандық және өңірлік бағыттардың белсенді қатысушысы болып табылатынын көрсетті. Мәселен, Қазақстан химиялық заттар бойынша негізгі келісімдердің Тарабы болып табылады: тұрақты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясы; қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды бақылау туралы Базель конвенциясының; халықаралық саудадағы жекелеген қауіпті химиялық заттар мен пестицидтерге қатысты алдын ала негізделген келісім рәсімі туралы Роттердам Конвенциясының; озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасының; химиялық заттарды халықаралық реттеуге Стратегиялық тәсілдің (ХЗХРСТ) қатысушысы; сынап туралы Минамат конвенциясына қосылу бойынша жұмыс жүргізілуде; “Қоршаған орта және денсаулық” Еуропалық процесс шеңберіндегі мәжілістер мен іс-шараларға үнемі қатысады және тиісті міндеттемелер; халықаралық медициналық-санитарлық ережелер шеңберінде өзіне міндеттемелер қабылдады.
Сонымен қатар, ұлттық деңгейде оларды республиканың стратегиялық және заңнамалық құжаттарына нашар енгізілуі байқалады. Бұл, химиялық заттардың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға әсер етуінің барлық тереңдігі мен тәуекелдерін толық түсінілмегенін көрсетеді. Химиялық заттарды реттеудің саяси мәртебесінің төмендігі, химиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша функциялардың бытыраңқылығы, ведомствоаралық және сектораралық өзара әлсіз іс-қимылы, химиялық заттарды реттеу жөніндегі жалпы бірыңғай басқарушы/үйлестіруші органның болмауы, химиялық заттардың халық денсаулығына әсері сұрақтары бойынша мәселеде мемлекеттік органдар мен қоғамның төмен әлеуеті және әлсіз ақпараттануы, негізгі проблемалық мәселелер болып қала береді.
Талдау нәтижелері бойынша химиялық заттарды басқару бөлігіндегі Қазақстан Республикасындағы жағдайды жақсарту бойынша ұсынымдар әзірленді. Мынадай бағыттар: халық пен қызметкерлердің денсаулығын қорғау; саяси, құқықтық және институционалдық негіз құру жолымен химиялық заттарды реттеу мен басқаруды күшейту; қауіпті қалдықтарды, оның ішінде тарихи қалдықтарды реттеу мен азайту және ластанған аумақтарды қалпына келтіру; ауыл шаруашылық және өнеркәсіп процестеріне табиғатты қорғау практикаларының ең үздік түрлерін енгізу; деректерді жинау, талдау және ақпарат беруді жетілдіру басым болып қалады.
Экономика және денсаулық сақтау секторларындағы экологиялық факторларды есепке алуды қоса алғанда, қолданыстағы экологиялық саясатты талдау бөлігінде, Қазақстан үшін БҰҰ ЕЭК өткізген 2019 жылғы Қазақстандағы экологиялық қызметтің нәтижелілігіне үшінші шолу нәтижелері уақтылы демеу болды. Шолуда экологиялық саясатты жақсарту бойынша Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері бағаланып және одан әрі жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан ұлттық заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыстар шеңберінде ұсынылған ұсынымдарды біріктіру қажет.
Химиялық заттарды ұтымды реттеу жоғары деңгейдегі басымдықта болуы тиіс. Елдің дамуының экономикалық және әлеуметтік аспектілеріне химиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаттарын енгізуге жауап беретін уәкілетті мемлекеттік органдар, саяси көшбасшылар үшін бұл мәселе приоритетте болмаса, қойылған міндеттерді орынды шешу мүмкін емес болып қала береді.