Бала кезінде алған екпелер өмір бойына инфекцияларға қарсы иммунитеттің негізін қалыптастырады.
Бүгінгі таңда вакцинация заманауи медицинадағы үздік жетістіктердің бірі.
Қазақстанда вакцинация жүргізудің нәтижесінде табиғи шешек ауруы толығымен жойылғаны осыған дәлел. Полиомиелитті тамырымен жою бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қызамық пен дифтерия соңғы рет 2010 жылы тіркелген, одан кейін Қазақстанда мұндай аурулар әлі тіркелмеді.
1998 жылы міндетті вакцинациялаудың қатарына вирустық В гепатитіне қарсы екпе егу енгізілген болатын.
Міндетті вакцинациялау енгізілгенге дейін жылына тұрғындар арасындағы сырқаттанушылықтың шамамен 4 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Қазіргі уақытта тек ересектер арасындағы бұл көрсеткіш 200 есеге дейін төмендеді, ал балалар арасында сырқаттану жағдайлары мүлде жоқ.
ДДҰ бағалауы бойынша, иммундау нәтижесінде жыл сайын 2-3 миллионға дейін өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік берді. Вакцинациялаудың нәтижесінде, қызылшадан болатын жыл сайынғы өлім-жітім саны әлем бойынша 3-7 млн. бастап 100 мыңға дейін төмендеген.
Бірақ, бұған қарамастан, кейбір тұрғындар жалпы профилактикалық шаралармен амалданып, өздерін және балаларын вакцинациялау қажеттілігінен күмәнданып, қорқады.
Қазақстанда вакцинациямен қамтылудың үлкен көлеміне қарамастан, түрлі себептермен вакцинацияға келмейтін халықтың бөлігі бар, бұл инфекциялық аурулардың таралуына әкеліп соғуы мүмкін.
Дене шынықтыру, спорт, дұрыс тамақтану және т.б. иммунитетті көтеретіні анық, бірақ спецификалық инфекция қоздырғышынан үнемі қорғай алмайды. Мысалы, қызылша ауруының қоздырғышымен кездескен кезде екпе салынбаған адамның 95 пайызы сырқаттануы мүмкін.
Бала кезінде алған екпелер өмір бойына кейбір инфекцияларға қарсы иммунитеттің негізін қалыптастырады. Вакцинаны салған кезде иммунитет қалыптаса бастайды, ерекше антиденелер пайда болады. Олар әр ауру қоздырғышына жеке қарсы тұрады және кездескенде оларды жылдам әлсіздендіріп, аурудың дамуына жол бермейді.
Сонымен қатар, кейбір вакциналар белгілі уақыттан кейін нығайтушы екпелерді қажет ететінін айта кету керек. Өйткені уақыт өткен сайын иммунитет әлсірейді және қорғаныс қабілеті жеткіліксіз болады. Мысалы, дифтерия және сіреспеге қарсы екпелер 16 жастан бастап әр 10 жыл сайын алпыс жасқа дейін қайталанып салынады.
Әр азамат вакцина сала отырып, инфекциялардан өзін ғана емес өзгелерді де қорғайтынын түсінуі қажет.
Ата-аналар өз балаларына жауапты, бұдан бөлек басқа да жауапкершілікті ұмытпаулары қажет. Екпе салынбаған бала басқа балаларға қауіп төндіруі мүмкін.
Кейбір елдерде мектепке және мектепке дейінгі мекемелерде вакцина салдырмаған балаларды қабылдамайды.
Қазіргі уақытта, қызылша эпидемиясына байланысты Нью-Йорк қаласының мэрі Бруклин аудандарының бірінде төтенше жағдай жариялап, екпе салдыртпаған барлық тұрғындардан жақын арада қызылшаға қарсы вакцинаның қажетті дозасын алуын талап етті. Қарсы жағдайда 1000 доллар көлемінде айыппұл салынатынын хабарлады.
Нью-Йорк қаласының әкімшілігі осындай маңызды мәселеге тұрғындарды қорғау мақсатында барды деп ойлаймыз.
Біздің елде халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің жаңа редакциясын талқылау барысында, екпеден бас тартуға айыппұл тағайындау туралы ұсыныстар енгізілуде.
Вакцинация ала отырып, әр адам қоғамдық денсаулықты сақтауға және нығайтуға үлкен үлесін қосады.
Руслан Сатывалдеев,
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары