Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бала кезінде алған екпелер өмір бойына инфекцияларға қарсы иммунитеттің негізін қалыптастырады. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатывалдеев айтты.
Бүгінгі таңда вакцинация – заманауи медицинадағы үздік жетістіктердің бірі.
Қазақстанда вакцинация жүргізудің нәтижесінде табиғи шешек ауруы толығымен жойылғаны осыған дәлел. Полиомиелитті тамырымен жою бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр, сондай-ақ қызамық пен дифтерия соңғы рет 2010 жылы тіркелген, одан кейін Қазақстанда мұндай аурулар әлі тіркелмеді.
1998 жылы міндетті вакцинациялаудың қатарына вирустық В гепатитіне қарсы екпе егу енгізілген болатын.
Міндетті вакцинациялау енгізілгенге дейін жылына тұрғындар арасындағы сырқаттанушылықтың шамамен 4 мыңға жуық жағдайы есептелген, қазіргі уақытта тек ересектердің арасындағы бұл көрсеткіш 200 есеге дейін төмендеді, ал балалар арасында сырқаттану жағдайлары тіркелмейді.
ДДҰ бағалауы бойынша, иммундау жыл сайын 2-ден 3 миллионға дейін өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді. Вакцинациялаудың нәтижесінде, қызылшадан болатын жыл сайынғы өлім-жітім саны әлем бойынша 3−7 млн. бастап кем дегенде 100 мыңға дейін төмендеген.
Бірақ, бұған қарамастан, кейбір тұрғындар жалпы профилактикалық шаралармен амалданып, өздерін және балаларын вакцинациялау қажеттілігінен күмәнданып қорқады.
Қазақстанда, вакцинациямен қамтылудың үлкен көлеміне қарамастан, түрлі себептермен вакцинацияға келмейтін халықтың бөлігі бар, бұл инфекциялық аурулардың таралуына әкеліп соғуы мүмкін.
Дене шынықтыру, спорт, дұрыс тамақтану және т.б. иммунитетті көтеретіні анық, бірақ спецификалық инфекция қоздырғышынан үнемі қорғай алмайды. Мысалы, қызылша ауруының қоздырғышымен кездескен кезде екпе салынбаған адамның 95%-ы сырқаттануы мүмкін.
Бала кезінде алған екпелер өмір бойына кейбір инфекцияларға қарсы иммунитеттің негізін қалыптастырады. Вакцинаны салған кезде иммунитет қалыптаса бастайды, ерекше антиденелер пайда болады. Олар әр ауру қоздырғышына жеке қарсы тұрады және кездескенде оларды жылдам әлсіздендіріп, аурудың дамуына жол бермейді.
Сонымен қатар, кейбір вакциналар белгілі уақыттан кейін нығайтушы екпелерді қажет ететінін айта кету керек, өйткені уақыт өткен сайын иммунитет әлсірейді және қорғаныс қабілеті жеткіліксіз болады. Мысалы, дифтерия және сіреспеге қарсы екпелер 16 жастан бастап әр 10 жыл сайын алпыс жасқа дейін қайталанып салынады.
Әрбір қауым мүшесі вакцина сала отырып, инфекциялардан өзін ғана емес өзгелерді де қорғайтынын түсінуі қажет.
Ата-аналар өз балаларына жауапты, бұдан бөлек басқа да жауапкершілікті ұмытпаулары қажет – екпе салынбаған бала басқа балаларға қауіп төндіруі мүмкін. Көптеген тұрғындардың ақылмен шеше білуі көптеген инфекциялық аурулардың таралуына жақсы тойтарыс береді.
Осыған байланысты, кейбір мемлекеттердегі мектептерде және мектепке дейінгі мекемелерде вакцина салдырмаған балаларды қабылдамайды, оны былайша түсіндіреді: «Вакцина салдырғыңыз келмесе балаңызды дербес мектепке апарыңыз, әйтпесе сіз тек өз балаңызға ғана емес, басқа балаларға да қауіп төндіруіңіз мүмкін».
Қазіргі уақытта, қызылша эпидемиясына байланысты Нью-Йорк қаласының мэрі Бруклин аудандарының бірінде болған төтенше жағдайды жариялап, екпе салдыртпаған барлық тұрғындардан жақын арада қызылшаға қарсы вакцинаның қажетті дозасын алуын талап етті, қарсы жағдайда 1000 доллар көлемінде айыппұл салынатынын хабарлады.
Біздің ойымызша, Нью-Йорк қаласының әкімшілігі осындай маңызды мәселеге тек бір ғана дұрыс әрі ымырасыз шешім қабылдайды. Не үшін? Өйткені, тек бір адамды ғана емес, барлық халықты қорғау қажет.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің жаңа редакциясын талқылау барысында, екпеден бас тартуға айыппұл тағайындау туралы ұсыныстар енгізілуде.
ҚР Кодексін көпшілік алдында талқылаған кезде, талқылауға қатысушылар вакцинациялаудан бас тарту жағдайлары мас күйінде көлік айдаған секілді жазалану қажет деп ұсынды.
Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдаңыз. Вакцинация ала отырып, әр адам қоғамдық денсаулықты сақтауға және нығайтуға үлкен үлесін қосады.