Ескендірдің елеулі жеңісі

«Көк тудың желбірегені» әнімен халыққа танылған әнші, Қазақстанның алғашқы Денсаулық елшісі Ибрагим Ескендір Мәскеуде өткен кәсіпқой бокс кешінде қарсыласын нокаутқа түсіріп, ТМД чемпионы атанды.

Ибрагим Ескендір әзірбайжандық Анар Абдуллаевпен шаршы алаңға шығып, 90,7 келі ауыр салмақта Pro Box нұсқасы бойынша ТМД чемпионы титулына таласқан болатын. 10 раундқа есептелген жекпе-жекте қазақстандық боксшы алғашқы үш минутта-ақ но­каут­­пен жеңіске жетті. Елге жеңіспен орал­ған кәсіпқой боксшы жеңісін Тәуел­­сіздік мерекесіне арнағанын атап өтті.

«Тәуелсіздік қарсаңында рингке шыққан мен үшін ерекше рух берді. Ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін күрескен. Біз – бүгінгі Қазақстанның ұрпағы осы Тәуелсіздікті сақтауымыз керек. Ол өнер, спорт, ғылым жолы болуы мүмкін. Әрбір қазақтың баласы ту көтерсем деп армандайтын болса, елі­міз жаман болмайды», – деді боксшы.

Айта кетсек, осыған дейін 76 келі салмақта шаршы алаңға шығып жүрген боксшы соңғы жекпе-жекте 90, 7 келі ауыр салмаққа ауысты.

«Жекпе-жек өте жақсы өтті, өзімді еркін ұстадым. Өйткені бапкерлерім, промоу­терім Жалғас Төкешов, Бауыр­жан Рысбекпен өте жақсы тактикада жаттығулар жасап, дайындалдық», – деп бапкерлеріне алғысын білдірді. Ән әлемінде көк байрақты желбі­рет­­кен Ибрагим Ескендір соңғы жыл­дары көк туымызды кәсіпқой бокста желбіретіп жүр. Бұл – оның кәсіпқой мансабындағы алтыншы жекпе-жегі. Бұған дейін ол 5 жекпе-жекке шығып, бәрінде нокаутпен жеңіске жеткен болатын. 2001 жылдан 2007 жылға дейін кәсіби түрде бокспен айналысқан ол, 2007 жылы жаттығу барысында ауыр жарақат алуына байланысты бокс­тан қол үзіп кеткен. Алайда 10 жыл­дан соң сүйікті ісі, бала арманы боксқа қайта келді.

Сонымен қатар соңғы уақытта Ибра­гим Ескендір Қазақстанның алғашқы Денсаулық елшісі ретінде жастар арасында салауатты өмір салтын, дұрыс тамақтану тәртібін дәріп­теп жүр. Айта кетсек, қазан айында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздің белгілі спорт­шылары, әншілерімен кездесу өткізіп, оларға «Денсаулық елшісі» атағын берген болатын. Олардың қатарында Ибрагим Ескендір де бар.

Динара ДОСПАН

Дереккөз