Руслан Құсайынұлы: Ұлт денсаулығы – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі

Руслан Құсайынұлы: Ұлт денсаулығы – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамытылуы – қоғам денсаулығының дамуы. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауына қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Құсайынұлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Руслан Құсайынұлы атап өткендей, Жолдауда медициналық қызметтің сапасы халықтың әлеуметтік жағдайының маңызды компоненті ретінде белгіленді. Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен, медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін, әсіресе ауылдық жерлерде арттыру керектігін тапсырды.

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуы – бұл қоғамдық денсаулықтың да дамуы. Өйткені, біздің орталығымыздың қызметі, ең алдымен, қоғамдық денсаулықты сақтауға және жақсартуға, аурулардың алдын алуға бағытталған. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек медициналық көмек көрсету жүйесінің негізі бола отырып, алдын алу, диагностикалау, сырқаттарды емдеу, медициналық оңалту, жүктілікті бақылау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және халық арасында санитарлық-гигиеналық ағарту жұмыстарын жүргізу сияқты шараларды қамтиды», – деді ол.

Министрлік өкілінің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда отбасы денсаулығын нығайтуға негізделген денсаулық сақтау саласының алғашқы буынына басты назар аударылады, әлеуметтік бағыттағы модель ойдағыдай іске асырылуда. «Бұл өз кезегінде, отбасылық дәрігер, мейірбике, әлеуметтік қызметкер және психолог мамандарынан тұратын команданың жұмысы арқылы кешенді көмек көрсетудегі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтеді, пациентердің мәселелерін шешуге жағдай жасайды. Осылайша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде денсаулық сақтау жүйесінің дамуын анықтайтын маңызды принциптер жүзеге асырылады – «сырқаттан деннің сау болуына дейін» және «емдеудің орнына оқыту және қамқорлық көрсету».

Елбасының Жолдауын іске асыру шеңберінде біз халық денсаулығына қамқор болуға, жарақат алуларды болдырмауға, негізгі инфекциялық емес аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтану, скринингтерден өту, темекі тартуды, тұзды, трансмайларды пайдалануды азайту бойынша заңнамалық бастамалар жасауға бағытталған шараларды ары қарай жалғастыратын боламыз.

Қазақстан биыл 40 жылдығы аталып өтетін Алматы Декларациясының ұстанушысы бола отырып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына ерекше назар аударады. Оның принциптерін кезең-кезеңмен орындауда. Іске арылып жатқан 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Алматы Декларациясының принциптерімен үндеседі», – деді Р.Құсайынұлы. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры орынбасарының пікірінше, бүкіл жұмыстың нәтижесі ретінде халыққа денсаулық сақтаудың алғашқы буынының, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділігі мен сапасы, профилактикалық бағдарламалардың тиімділігін арттыру, аурулардың алдын алу болып табылуы керек.

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлері – адаммен алғашқы болып кездесетін денсаулық сақтау жүйесіндегі мамандар. Әріптестеріміз – ауруларды басқаруда жаңа әдістерді енгізіп отырған учаскелік қызметкерлердің 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақылары өсетіні қуантады», – деп түйіндеді ол.

Источник