Национальный центр общественного здравоохранения

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні

15 мамырда бүкіл әлемде Халықаралық отбасы күні атап өтіледі. 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық отбасы күнін белгіледі. Халықаралық қауымдастықтың қазіргі заманғы отбасы мәселесіне, отбасы құндылықтарының жоғалуына және неке институтының құнсыздануына алаңдаушылығы осы Күнді белгілеуге себеп болды. Бұл – бақыт, махаббат және адалдық мерекесі.
Жыл сайын бұл мереке отбасымен байланысты кез келген мәселелерді көздейтін әртүрлі ұрандармен өтеді. Мысалы, бұған дейін «Тұрмысы төмен отбасы және әлеуметтік оқшаулану мәселелерін шешу» немесе «Отбасы және инклюзивті қоғам» деген ұрандармен мереке өткізілді. БҰҰ Бас хатшысы мерекенің ұраны туралы шешім қабылдайды. Ол жалпы жиналысқа қатысушылар алдында нақты тақырып бойынша үндеу де жасайды.
Әлемде отбасының негізгі міндеті – балаларды өсіру, оларға лайықты білім беру және адамзаттың қилы қатынастар әлемінде өз орнын табуға көмектесу, сол үшін отбасы берік және сенімді тірек болуы тиіс деген ұғым қалыптасқан.Отбасы ұрпақтан-ұрпаққа біздіӊ мәдени құндылықтарымызды, ұлттық дәстүрімізді сақтау мен беруге арналған маӊызды орта, сондықтан ол балаларды, қарттарды және мүгедектерді адамгершілік және материалдық тұрғыдан қолдайды.
Халықаралық отбасы күнін өткізу отбасы мәртебесін көтеруге, маӊызды мәселелерді және қажеттіліктерді түсінуді жақсартуға мүмкіндік береді.
БҰҰ жиналысынан басқа, бүкіл әлемде отбасыларға арналған басқа көптеген іс-шаралар өткізіледі. Осылайша, еріктілер түрлі концерт, семинар, форум, көрме, онлайн-кездесу, қайырымдылық акцияларын, тренингтер және өзге де іс-шараларды ұйымдастырады.
Әрбір қазақстандық отбасының басты міндетінің бірі – жас ұрпақты тәрбиелеу. Өйткені әрбір адам өз өмірінде ата-анасы, атасы мен әжесі, ағалары мен әпкелері, бір сөзбен айтқанда – отбасы құрған құндылықтар мен қағидаттарды ұстанады. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.