Национальный центр общественного здравоохранения

Сарапшылар иммунопрофилактиканың өзекті мәселелерін талқылады

Еуропалық иммундау апталығы аясында 2021 жылғы 20-22 сәуір аралығында “Иммунопрофилактиканың өзекті мәселелері” тақырыбында үш күндік республикалық конференция өткізілді.
Ұйымдастырушылар: ҚР ДСМ “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК, ҚР ДСМ “ҚДСҰО” ШЖҚ РМК “СЭСжМҒЗО” филиалы және “Қазақ иммун тапшылығы қоғамы” қоғамдық бірлестігі.
Конференцияны ҚДСҰО Басқарма төрайымы Жәмила Баттақова ашты. “Қазір вакцинопрофилактиканың өзектілігі жоғары, вакциналау аурудың алдын алудың ең сенімді әдісі, жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді, қауіпсіз және қолжетімді әдісі болып табылады, осыған байланысты біздің медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысына республика халқының қоғамдық денсаулығы байланысты”, – деп атап өтті м. ғ. д., профессор.
Медицина қызметкерлерінің кең аудиториясын (эпидемиологтар, госпитальдық эпидемиологтар, педиатрлар, ЖПД, мейірбикелер, екпе егу медбикелері және т. б.) даярлауды қамтамасыз ету мақсатында конференция 3 кезеңде ұйымдастырылды:
– 2021 жылғы 20 сәуірде Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының мамандары қатысты;
– 2021 жылғы 21 сәуір – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарының және Нұр-сұлтан қаласының мамандары;
– 2021 жылғы 22 Сәуір – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарының, Шымкент қаласының мамандары қатысты.
Конференция жұмысында ҚР ДСМ Вакцинамен басқарылатын жұқпаларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева, Нұр-Сұлтан қ. “Астана Медицина Университеті” АҚ пульмонология және фтизиатрия кафедрасының профессоры Ирина Мукатова; АМУ Балаларға арналған инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Баешева Д.А., “ҚР фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығы” ШЖҚ РМК клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары, м. ғ. д., профессор Ералиева Ләззат Тасболатқызы, “Қарағанды медицина университеті” КЕАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры, м. ғ. д., профессор Көшерова Бақыт Нұрғалиқызы, Алматы Аймақтық диагностикалық орталығының пульмонолог дәрігері, қалалық респираторлық қоғамының төрағасы Ералиев Саттар Молыбекұлы, СЭСэМҒЗИ директорының жедел қызмет жөніндегі орынбасары Манар Смағұл, инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының эпидемиологы Лена Қасабекова баяндама жасады.
Конференция бағдарламасы аясында тиісті контингент арасында балалар мен ересектерге жоспарлы иммундауды жалғастыру қажеттілігі мәселелері қамтылды. Оқушылар арасында тұмауға қарсы вакцинациялаудың тиімділігі бойынша ғылыми зерттеулердің нәтижелері, менингококк инфекциясы мен желшешекті бақылаудың ауыртпалығы мен қазіргі заманғы ерекше шаралары, сондай-ақ Қазақстанда қолданылатын коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның сипаттамасы (Спутник-V), Қазақстанда вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу тактикасы баяндалды.
2020 жылға және 2021 жылдың I тоқсанына тиісті контингентті вакцинациялаумен қамту қорытындысы шығарылды, ауырмау қаупі мен вакцинациялаудан бас тарту себептері талқыланды.
Конференция қорытындысы бойынша тыңдаушылар жан-жақты білім алып, барлық қызықтырған сұрақтарға жауап алды.