Национальный центр общественного здравоохранения

Инфекциялық бақылаудың алдын алу бойынша ICAP өкілдерімен кездесу өтті

2021 жылы 26 ақпанда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында Қазақстандағы инфекциялық бақылауды күшейту бойынша АҚШ Нью-Йорк қ. Колумбия университетінің Мэйлман ат. Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің (ICAP) өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуге Колумбия университетінің Дж. Мейлман атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы ICAP орталығының Орталық Азия жөніндегі аймақтық директоры Анна Дерябина, «Шеврон» компаниясының өкілі Лейла Айтмуханова, ҚДСҰО тарапынан: м.ғ.д., профессор, директор Жәмила Баттакова, м.ғ.к., директордың орынбасары Айнагүл Қуатбаева, б.ғ.д., профессор Бағдат Имашева және т.б. қатысты.

Қазақстан Республикасының жұқпалы ауруларға қарсы күрестің қазіргі заманғы сын-қатерлеріне дайындығын күшейту мақсатында «Шеврон» компаниясының қаржылық қолдауымен жобаның іске асырылатынын атап өту керек.

Кездесу барысында тараптар Ынтымақтастық туралы меморандум аясында жасалынған алдағы жоспарларды талқылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында вакцинация жүргізу бойынша медициналық мекемелерге арналған нұсқаулықтар мен бейнероликтер, сондай-ақ пациенттерге ақпараттық жадынамалар әзірленді.

Меморандумға сәйкес, ҚДСҰО базасында Консультативтік кеңес құрылды, оның міндеті – әртүрлі деңгейдегі медициналық мекемелерде инфекциялық бақылау жүйесінің негізгі компоненттерінің ағымдағы жағдайын бағалау. Бағалау нәтижелері бойынша Қазақстанда инфекциялық бақылау бағдарламаларының мониторингі жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірленетін болады.

Сонымен қатар, практикалық денсаулық сақтауға көмек көрсету үшін ҚР нормативтік-құқықтық құжаттарын сақтай отырып, ДДСҰ материалдарының негізінде инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау мәселелері бойынша медициналық мекемелердің басшылары мен медперсоналды оқыту жоспарланды.