Национальный центр общественного здравоохранения

Вакцина мәжбүрлі түрде салына ма?

Маман «коронавирусқа қарсы екпені мәжбүрлі түрде салады» деген қауесетке қатысты жауап берді.

Алматы, NEGE. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында вакцина салдыру ерікті тәртіпті жүргізілсе де, кейбір адамдар «коронавирусқа қарсы екпе мәжбүрлі түрде салынады» деп алаңдаулы екені айтылды.

Осы орайда тұрғындардың мұндай жағдайға тап болуы мүмкіндігі сұралды.

«Бұдан бұрын хабарланғандай, вакциналау ерікті түрде болады. Осы орайда мәжбүрлеу деген болмайды және вакцина алмаған азаматтарға қарсы ешқандай санкция қарастырылмаған. Бұған жол берілмейді. Бірінші кезекте вакцина адамның өзін қорғау үшін қойылады. Сондықтан ол әр адамның жеке шешімі. Жеке өз басым инфекциядан қорғалғым келеді», – деді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Бұған дейін ол вакцина алғанын айтқан болатын. Осы орайда коронавирустың салдарын әрбір адам өзі бағалауы керектігін атап өтті.

Өз кезегінде ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбарасы Манар Смағұл вакциналаудың мақсаты туралы айтты.

«Вакциналанған адамдар көп болған сайын, қоздырғыштардың таралуы кеңістігі тарылады. Вакцинадан бас тартудан бұрын ойлану керек, яғни ол жеке өзіне ғана емес, сонымен қатар жақын адамдары алдында жауапкершілігі бар екенін сезінгені жөн. Өйткені вакцина салдыра алмайтын адамдар бар. Екпе салдырғандар көбейгенде, вирустың таралуы да шектеледі. Вакциналау саясаты осыған негізделген. Коронавирусқа қарсы вакциналау туралы айтқан кезде, біздің мақсат – ұжымдық иммунитетті құру», – деді Манар Смағұл.

Источник: https://www.nege.kz/ru/news/el/vaktsina_mazhburli_turde_salina_ma_20210208183737