Национальный центр общественного здравоохранения

Ізмұхамбетов Талапқали Әбішұлы

«Ұлттық медицина университеті» акционерлік қоғамының Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің бас маманы

Ізмұхамбетов Талапқали Әбішұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері. Ұлттық медицина қауымдастығының құрметті мүшесі, білім беру ісінің үздігі, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Sigma Theta Tau International халықаралық ұйымының мүшесі, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» коалициясының президенті. Құрметті теміржолшы.
1943 жылы РКФСР Астрахан облысында дүниеге келген. 1966 жылы Астрахан медицина институтының емдеу факультетін; 1994 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетін бітірді. Кәсіби қызметін хирург дәрігер болып бастады, кейін орталық аудандық аурухананың бас дәрігері, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстық денсаулық сақтау бөлімдері меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі лауазымын атқарды. Кейіннен ҚР Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппаратының сектор меңгерушісі және бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, II – IV шақырылған Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. 1995-2009 жылдары Республикалық медицина колледжінің директоры болды. Денсаулық сақтау министрі лауазымында, содан кейін республика Парламентінде денсаулық сақтау саласындағы заң шығарушылық қызметіне белсенді қатысты, «Халық денсаулығын қорғау туралы» ҚР бірінші заңының жұмыс тобын басқарды. Қазіргі уақытта Т.Ә.Ізмұхамбетов Қазақ ұлттық медицина университетінде Х.Досмұхамедов ат. Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің жетекші маманы болып жұмыс істейді.