Национальный центр общественного здравоохранения

Жіті ішек инфекциясының алдын алу

Ішек инфекциясы – біріншіден ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың бір тұтас тобы. Микроорганизмдердің бірнеше тобы: бактерия, вирус және қарапайымдылар жіті ішек инфекцияларының себебі болып табылады.
Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.
Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді.
Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары боп келеді. Ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар жиі ауруға шалдығады. Жұқтыру қаупі организмге түскен қоздырғыштың мөлшеріне, вируленттігіне, сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және организмнің қабылдағыштығына байланысты.
Ауру нәжіс-ауыз арқылы, тамақ, су және тұрмыстық жанасу арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін, бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылуы мүмкін. Инфекциямен ауырғаннан кейін иммунитет 3 – 4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, осыған байланысты, аурудың қайталануы әбден мүмкін.
Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, кейбір инфекцияларды жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ антисанитарлық жағдайлар, жеке гигиена ережелерін сақтамау, санитарлық ережелерді сақтамай дайындалған тамақ өнімдері жіті ішек инфекцияларын жұқтыруы да мүмкін.
-Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін: вирусты инфекция, көбінесе салқын түскенде, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттанушылық деңгейі артқан кезде болады, бактериялық инфекциямен сырқаттанушылық жазғы мезгілде болады,- дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Гүлмира Өтепова. – Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы: іш сүзегі мен паратифтің қоздырғыштары сүтте 70 күннен астам, ал суда бірнеше ай тіршілік ете береді. Дизентерия микробтары сүтте шамамен 6 күн тіршілік етеді және көбейеді, өзен суында 35 күнге дейін сақталады, вирустар қоршаған ортаның түрлі объектілерінде 10-15 күннен бастап 1 айға дейін, нәжістерде 7 айға дейін сақталады.
ДДСҰ деректері бойынша, дүние жүзінде жыл сайын 1 миллиардқа жуық диарея ауруы тіркеледі, ауырғандардың 60–70%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Балалар арасында жіті инфекциялық диареялардың этиологиялық құрылымы уақыт өте келе өзгереді. Және де қазір бұл динамика анық байқалып жатыр. Бұған бірнеше себептер бар: тамақ өнімдері өндірісінің жаһандануы, олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаңдату, балалар тағамы өнімдерін консервілеу және пастерлеу, табиғи экологиялық себептер, ЖІИ-дің алдын алудағы және емдеудегі белгілі бір жетістіктер (бірқатар дамыған елдерде ротавирусты инфекцияға қарсы вакцинациялауды енгізу) және т.с.с.
Жүргізілген бақылау жұмыстары көрсеткендей, этиологиялық диагноз аурудың пайда болған жеріне және уақытына, науқастардың жасына байланысты болады. Мысалы, дамушы елдерде жіті диарея қоздырғыштарының құрылымында вирусты агенттермен бірге бактериялық және паразиттік инфекциялар 5 жылға дейін басты орын алады. Экономикалық жағынан дамыған елдерде ЖІИ этиологиясында вирустар бірінші орын алады. Олардың арасында негізгі орынға ие болатын – ротавирус. Ол ЖІИ-ге байланысты ауруханаға жатқызу жағдайының 70%-ына себепші болады және оны көбінесе науқас балалардың (10-35%-ында) нәжісінен бөліп алады. Бұдан бөлек, 5 жасқа дейінгі балалардың арасында жіті сұйық диареяның дамуына, көбінесе, норо- (2-10%), адено- (2-10%) және астровирустар (2-3%) себеп болады. Экономикалық жағынан дамыған елдердегі балалар арасында бактериялық ЖІИ-мен сырқаттануға сальмонелла (5-8%) және кампилобактерия (4-13%) себеп болады. Шигеллалар ЖІИ клиникасына себеп бола бермейді: 5 жасқа дейін ауырған балалар арасында – 0,3-1,4%.

Қазақстан Республикасындағы эпидемиологиялық ахуал.

Соңғы 10 жылда республика халқының арасында жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың 2,2 есеге төмендегені байқалды (100 мың адамға шаққанда, сырқаттанушылық көрсеткіші 2010 жылғы 135,0-мен салыстырғанда 2019 жылы – 62,4).
2019 жылмен салыстырғанда ЖІИ-мен сырқаттанушылықтың 4,97%-ға төмендегені байқалды, 11402 ЖІИ ауруы тіркелді, 100 мың адамға шаққанда, сырқаттанушылық көрсеткіші 2018 жылғы 11998 жағдаймен (65,6) салыстырғанда, ауру көрсеткіші – 62,4. 14 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылық 10,4%-ға азайды, 100 мың адамға шаққанда, сырқаттанушылық көрсеткіші 2018 жылғы 175,4-пен салыстырғанда – 157,2. Жіті ішек инфекцияларының нозологиялық құрылымында бактериялық инфекциялар 2019 жылы 82% құрады.
Ауру ошақтарына эпидемиологиялық тексеру жүргізу кезінде ЖІИ ауруы, негізінен тамақ арқылы – 80,3% және тұрмыстық жанасу арқылы – 19,3% жұғатыны анықталды.

Жіті ішек инфекцияларының негізгі алдын алу шаралары:

– Жеке гигиена ережелерін сақтау, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;

– Су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;

– Пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шаю;

– Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдалану. Тамақты ұзақ, тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамау;

– Тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;

– Шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке асүй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;

– Тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу. Суқоймаларда және бассейндерде шомылған кезде ауызға судың кетпеуін қадағалау;
– Үйді, ауланы таза ұстау.