Национальный центр общественного здравоохранения

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының филиалында болды.

Бүгін Алматыдағы жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалында болды. Мұнда вирусология, бактериология, иммунология және молекулалық генетика саласындағы ғылыми қоғамдастықпен кеңес өткізілді. Кеңесте «Қазақстан Республикасында дербестендірілген және превентивті медицинаны енгізу туралы» ғылыми-техникалық бағдарламаның 2020-2022 жылдарға арналған жобасын ұсынған С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Б.С. Жүсіпов негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйледі.
Сонымен қатар кеңеске еліміздің жетекші ғалымдары: Геномдық және дербестендірілген медицина зертханасының, НУ өмір туралы ғылымдар орталығының басшысы Ақылжанова Айнұр Рахметұлқызы, Биотехнология ғылыми орталығының бас директоры Раманқұлов Ерлан Мирхайдарұлы, Ұлттық ұжымдық пайдалану ғылыми биотехнология зертханасының меңгерушісі Жолдыбаева Елена Витальевна, Ұлттық биотехнология орталығының филиалы директорының орынбасары Скиба Юрий қатысты.
Сондай-ақ Министр қазіргі таңда еліміздегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аккредиттеген алдыңғы қатарлы зертхана болып табылатын Вирустық инфекцияларды бақылау референс зертханасының жұмысымен танысты.
Зертхана қызметінің негізгі бағыты – тұмау, полиомиелит, қызылша, қызамық, вирустық гепатит сияқты ауруларды бақылау бойынша референстік зерттеулер жүргізу. Сонымен қатар бүгінгі таңда референс-зертхана базасында COVID-19-ға шамамен 10 000 зерттеу жүргізілді.
Біздің мамандар ПТР диагностикасына арналған барлық коммерциялық диагностикалық тест-жүйелерді, оның ішінде биологиялық материалды алуға арналған жиынтықтарды және амплификацияға арналған жиынтықтарды көрсетті.
Вирустық инфекцияларды бақылау референс-зертханасы коронавирустық инфекцияға антиденелерді иммуноферменттік талдау әдісімен анықтау тәсілін іске қосқанын және тестілеуге Алматы қаласының жұқпалы аурулар стационарларындағы пациенттердің үлгілерін алғанын мәлімдеді.
Министр референс-зертхана мамандарының жоғары біліктілік деңгейін және атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығы зор екендігін атап өтті және еліміздегі биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына вирустық ауруларды, атап айтқанда, COVID-19-ды зерттеуде ғылыми көқарасты одан әрі имплементациялау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.