Национальный центр общественного здравоохранения

Медицина сарапшылары COVID-19 эпидемиясы мәселесі бойынша онлайн – семинар өткізді

9 сәуірде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында “Оңтүстік Кореяда жұқпалы ауруларды бақылау” тақырыбы бойынша кезекті онлайн – семинар өтті.

Корей Денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты (KHIDI) ұйымдастырушы болды.

Спикерлер: “Корей университетінің медицина мектебі” Зертханалық медицина департаментінің профессоры Chang Kyu Lee және Ханлим университетінің әлеуметтік және профилактикалық медицина кафедрасының маманы Dong –Hyun Kim.

Сонымен қатар, Сеул ұлттық университеті ауруханасының, Северанс ауруханасының, Самсунг ауруханасының және Корё университеті ауруханасының жұқпалы аурулар және пульмонология жөніндегі профессорлары мен медицина мамандары, сондай-ақ қарқынды терапия мамандары мен медициналық жабдықтар саласындағы мамандар қатысты.

Қазақстан тарапынан эпидемиолог, медицина ғылымдарының кандидаты, Санитариялық – эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының Халықаралық ынтымақтастық, білім беру және ғылыми бағдарламалар менеджменті басқармасының басшысы Айнагүл Қуатбаева мен Инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Манар Смағұл қатысты.

Семинар барысында қатысушылар COVID-19 коронавирустық инфекциясының динамикасы мен таралуын талдау, жұқпалы ауруларды диагностикалаудың заманауи әдістері, COVID-19 диагностикасы мен талдау жүйесіндегі ерекшеліктер, жекелеген санаттар бойынша COVID-19-ды клиникалық емдеу тәжірибесі және медицина қызметкерлері арасында медициналық қызмет көрсетуге байланысты жұқпалы аурулардың алдын алу үшін пациенттер мен қызметкерлерге бақылау жасау (нақты мысалдар келтіріп) жөнінде талқылады, спикерлер қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.

Осылайша, қатысушылар коронавирустық инфекция індетімен күрес бойынша тәжірибе алмасты.

Естеріңізге сала кетейік, күн сайын ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы базасында ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды, эпидемиология ерекшеліктерін, әлемнің түрлі елдеріндегі COVID – 19 коронавирустық инфекциясын клиникалық және зертханалық диагностикалауды талқылай отырып, медицина қызметкерлеріне арналған түрлі онлайн-конференция өткізіледі. Қазақстанның ғалымдары мен сарапшылары эпидемиологиялық қадағалау жүйесінде, клиникалық практикада қолданылатын стандартты операциялық рәсімдерге, алгоритмдерге енгізіп, ары қарай қолдану үшін озық технологиялар туралы талқылайды.